Сезімтал
суреткер еді.
Әйгілі чекист Феликс Эдмундович Дзержинский өмір туралы бір толғанысында:
«Мен нендей нәрсеге душар болсам да, қандай көңілсіз жағдайларды бастан
кешірсем де, менің жан дүниемде налу деген болмайды. Тіпті сағыныш күйі жаныма
батқан күнде де мен жанымның ең терең түпкірінде тыныштықты, өмірге деген
сүйіспеншілікті сақтаймын, өмірді, өзімді және басқаларды түсіне білемін. Мен өмір дегеніңізді шын мәнісінде сүйемін, оны нақты күйінде, мәңгі
қозғалысында, жарастығында, адам айтқысыз қайшылықтары бар күйінде сүйемін. Менің көзім көре, құлағым ести
біледі, жан-күйім сезінеді, жүрегім әлі суыған жоқ. Жүрегім өмір күйін
шертеді...» деген еді. Өмірге ғашық, жалынды жүрегі өмір күйін шертіп өткен сондай аяулы азаматтың
бірі-жазушы Тобық Жармағамбетов. Ол әдебиет әлемінде жарқ етіп көрінді де,
жанып үлгере алмай, беретінінің бестен бірін бере алмай, ерте дүние салды. Табиғаттың өзі
толғатып туған тамаша таланттың бар асылы бойында кетті. Соңғы сөзі қаламының
ұшында қалды.
Дегенмен,
Тобық қамшының сабындай қысқа ғұмырында нағыз талантқа тән тереңдікпен,
ойшылдықпен, сыршылдықпен қалам тербеп, аз да болса мәз, бүгінгі уақыт, замана
талабына сай салиқалы ой, салмақты жүк арқалаған шырынды шығармалар
жазды. Кезінде лайықты бағасын алған басқа туындыларын айтпағанда,
жазушының үлкен бір повестке пара-пар «Отамалы» әңгімесі әдебиетіміздің алтын
қорына қосылған асыл мұра боп қалмақ. Беделді сыншыларымыздың бұл әңгімені
Эрнест Хемингуйедің «Шал мен теңіз» шығармасымен үндесіп жатыр деп бағалауы
тегін емес.
Тобықтың
тырнақалды туындысы – «Нәзік бұлттар». Ол осы повесін «соқырішек» боп операция жасатқаннан кейін жазды.
Дәрігерлер столға отырып жұмыс істеуге
ұлықсат етпейді. Дегенмен, зердесінде пісіп дайын жүрген дүниені бас аяғы бір
айда қағазға түсіріп үлгерді. Бұл
повесте жалындап тұрған жастық өмір бар. Теміржан мен Күнсая тәрізді
жастардың асқақ арман-мұраттары бар. Автор өзін жыр бесіктей әлдилеген
алыстаған ауылда бастан кешіп, қанына сіңген, жан-тәнімен сезінген жәйіттерді
құрбыларының өмірі арқылы өзгеше бір сүйіспеншілікпен суреттейді. «Нәзік
бұлттар» - Тобықтың ақындарға тән аса нәзік сезімталдықпен беріле жазған,
өлеңдей өріліп, жібектей есілген шынайы шығармасы.
Талғампаз
оқырман қауымның рухани қажетін өтеп, ойына орнығатындай тамаша туынды жазу
үшін қаламгерге үлкен дайындықпен бірге жалынды жүрек керек. Уақыт сынынан
өтетін ондай шуақты шығарма ойы терең, қиялы ұшқыр, құлащы кең, жаны жомарт
нағыз сөз зергерінің қолынан келеді. Жазушы Тобық Жармағамбетов сондай тума
талант болатын. Онымен қоян-қолтық жүрген, бірге қызмет атқарған, ағалы-інілі
адамдардай жұбымыз жазылмаған қимас күндерді енді бейне деректі кинофильм
лентасындай көз алдымнан өткерген сайын асыл азаматтың бейнесі биіктей түседі.
Адамның
бастан кешкен ғұмыры жылжып өткен жылдармен емес, оның болашақ ұрпаққа қалдырған ізі, мұрасымен өлшенеді.
Тобықтың артында қалған әдеби мұра едеуір. Осы жақында ғана «Жазушы» баспасы
повестерінің көлемді кітап етіп басып шығарды. Жазушы Жармағанбетовтың
әдебиеттегі ғұмыры осылай жалғасуда. Ең ұзақ, ең қымбат ғұиыр осы болмақ.
Тобықтың жасы
елуге толғанын енді біліп отырмыз. Ол біздің жүрегімізде қыршын қалпында
сақталып қалған екен. Ол дүние салғаннан бері арада он бір жыл өтіпті. Аяулы
азаматтың орны ортамызда ойсырап тұр. Қоңыр күзде сағағынан үзілген сары
жапырақтай бір жас ғұмыр сапарын аяқтағанмен болашаққа сапар шегетін оның
жайсаң шығармалары біздің қолымызда. Олармен талай жаңа ұрпақ жүздесіп, алғыс
сезіммен еске алатын болады. Нағыз бақыт сол.
Мұхтар Құрманалин, ақын.
Берері көп еді
...Арамызда
аман жүрсе, ендігі Тобық та елу жасқа толар еді. Алпысыншы жылдары әдебиетке
келген дос-жарандарымен бірге биыл ер жасының биігінен азды-көпті жазғандарын
түгендеп, қалың оқушы қауым алдында есеп берер еді-ау! Лаж қанша, ол бұл өмірге
аз күн қонақ болды, қырықтың қырқасына жетпей жатып алыс сапарға аттанып
кетті...
Биыл
«Жазушы» баспасы Тобықты жоқтатпай, жақсының сөзі еді ғой деп, оның төрт повесінің
басын құрап, бір томдық прозасын шығарды. Бұл-оның жазғандарының бір бөлігі
ғана. Енді «Өзі жоқтың – көзі жоқ» дегізбей, марқұм болып кеткен қаламдас
дос-жарандарымыздың мүлкіне ықтият болып жүру- бәрімізге ортақ парыз болмақ.
Осы тұрғыдан келсек, Т.Жармағанбетовтің әр жылдарда шыққан бес-алты кітабын
қайта бір қарап, игілікті бір ісі тәрізді. Сонымен бірге оның ең таңдаулы
повестерін (әсіресі «Қара жаңбырды»), әңгімелерін орыс тілінде аударып, одақтық
оқушылар назарына ұсынғанымызда да жөн болар еді. Бұл тек әдебиетімізге олжа
болып қосылар еді.
Әбілмәжін
ЖҰМАБАЕВ, әдебиетші.
Бейнесі көз алдымда
Аудандық «Ойыл» газетінің редакциясында қызмет
жасай бастағанымда журналист жігіттердің аузынан Тобық Жармағанбетовтың есімін
алғаш естіген едім. Оның алдында ара-тұра мерзімдік баспасөзден жазушының
шұрайлы әңгімелерін оқып тұратынмын. Лирикалық саздылығымен баурап алған көркем
дүниелерді оқыған сайын мен Тобықты көз алдыма кексе күйінде, біз сияқты
әуесқойларға ақыл беретін ақсақал дәрежесінде елестетіп жүрдім.
Бірге
қызмет істеген жігіттерден оның жасын сұраймын. Олар Тобықты маған ертегі
сияқты таң-тамаша суреттейді. Повесть жазып шығарғанын, шығарманың өмірдегі
шындықтан онша қашық емес екенін әлгілер сүйсіне әңгімелеуден танбайтын.
Мен
Тобықтың «Сентябрь түні» әңгімесін оқыған соң онымен кездессем деп армандадым.
Тоқаңның ол кезде Ақтөбеде қызмет жасайтынын білетін едім. Облыстық
телевидениеде деп естігенмін. Соның сәті алпыс алтының жазында түсті. Бір ретте
облыс орталығына командировкамен бара қалып едім. Тоқаңды алғаш рет сол жерде
кездестірдім.
Бойы
ортадан төменірек, ат жақты, қоңыр көзді қара торы жігіт екен. Күлгендегі
үнінен «үй қозғалғандай», жүрісі шапшаң. Неге екенін білмеймін, Тоқаң маған
үнемі домалап, желе жортып жүретіндей көрініп кетті. Әңгімені де қыздырып
айтады екен. Байқағаным- ала қалжың-әзілді жақсы көреді. Бірақ біздің алғашқы
кездесуіміз шүйіркелесіп әңгімелесуге мұраса бермеді. Тіршіліктің әр түрлі
күйбеңімен кете бардық. Онымен алғаш рет кең түрде сұхбаттасып, иық түйістіре
жүруіміз мен облыстық газеттің редакциясында қызмет жасай бастаған бергі жерде.
Тоқаң талай
рет әдебиет жайлы да сыр шертетін. Бір рет менен «осы сен неге газетке арнап
жазасың?» - деп сұрағаны есімде. Алғашында түсінбей қалдым. Содан соң: «Газетке
арнап жазғаның, әрине ,дұрыс қой. Бірақ тар шеңберден шыға алмай, құлашыңды
жаза алмай қаласың ба деп қауіптенемін» деді. Содан кейін ақылын айтты
«Қысылма, қымтырылма, жазып жүрген адамның бәрі өзің сияқтылар» деп.
Бірде
үйінде болдым. Екеуміз көп әңгімелестік. Қазақша әріп қондырып алған «Украина»
мишинкасы бар екен. Шығармасын өзі басып алатын көрінеді. Ол творчествоның
азабын, өмірдің шындығын әңгімеледі. Үйге кіріп-шығып бір-екі бала жүрді.
Соларды ымдап:
-Осыларды
адам қатарына қоссам деймін,- деді.
-Бала
өскесін де тірлік қажет болар-ау, - деп мен оның ойына қарсы болдым. Содан
кейін ол мені шығарып салды. Көшеге шыққасын:
- Сені жаңа
машинаммен қыдыртамын, - деді. Білмеймін неге айтқанын. Құптап күлдім.
Оны соңғы
рет шынында да жаңа машина үстінде көрдім. Аспан түспес «Москвич» екен. Қасымда
ауылдан келген бір кісі бар, колхоз базарына кіре беісте кездестім.
-Кел отыр,
қыдыртайын!- деп ол қарқылдай күліп қарсы алды. Соңғы көруім осы болар.
«Кенеттен
қайтыс болды» деген хабармен үйге енгенде құлағымда қалған үн екі ер баланың
«Ойбай-ай, енді біз кімді тәте дейміз?» деген зары еді. Өзімді өте қаттымын деп
есептейтінмін. Бірақ шыдай алмадым. Бетімді ыстық жас жуып жүре берді. «Қайран
Тобық, енді бізге жоқсың-ау...» деген өкінішті ой жанымды жеп барады.
Міне,
содан бері он жыл өтіпті. Бұл аз уақыт емес. Он жылда он жасар бала жиырманың үсітіне шығады. Азамат атанып, үйлі-боранды
болады. Дүниеге ол ғұмыр кешкесін келген ұрпақтың өзі мектепке барып жүр. Сонда
бұл аз уақыт болмағаны ғой.
Аз десек
те, көп десек те Тоқаңның шығармалары осы мезгіл ішінде бүгінгі талғампаз
оқырманның қажетін өтеп келді. Әлі де өтей бермек. Бұл жазушының екінші және
түпкілікті бақыты дейді. Рас болу керек. Негізінде жазушының халық қажетіне
асқаннан бөтен мақсаты да, арманы да болмақ емес қой.
Құрал ТОҚМЫРЗИН, жазушы.
Парыз бен қарыз
Көп жылдан астам уақыттан бері төртбақтау келген, толықша, келте мұрын,
бидай өңді жігітті көре алмай, өкси береміз. Кезінде жұрттан ерекше ештеңесін
аңғармағандай едік. Сол жігіттің кітаптарын қолыма алған сайын бір қатал сауал:
Ұстаздық парызың қайда, өмірден ерте озған шәкіртіңнің мұраларын елге паш ету
асыл парызың емес пе? – деп тұрғандай тамағыма кептеледі де тұрады. Оның Тобық
Жармағамбетов деген атын әдебиет сүйер қауым тегіс қастерлейді. Бірақ,
кейбіреулердің Тобықтың өзін білгенмен, оның адами тұлғасын, оның туындыларын
бұлдыр әйнектің ар жағынан, шалақұлалау білетіндігіне қынжыламын да. Кісі
бетіне тіке қарап көрмеген, адамның бәрін өзіне ыстық сезіммен тартып тұрады,
тұрған бойы-медитация, яғни үнемі ойлану мен толғану үстіндегі Тобықты мен
барлық жағынан
танимын. Оның адами бейнесі-періштедей пәк. Оның балалық бал дәурені соғыстың ылаңынан у дәуренге, жастық шағы соғыс
салған жараның қырсығынан ерте сақаюға бірден ауысты. Әкесі соғыста құрбан болды. Анасы ауыр күйіктен естен
айрылды, яғни медицина тілінде айықпас психикалық шизофрения науқасына тап
болып, ақыры содан дүние салды. Әжесі өртке күйіп өлді. Тобықтың өзі соғыс басталғанда
бірінші класқа барды және үш кішкентай қарындасымен жетімдіктің, жоқшылықтың
тауқыметін бастан кешірді. Отбасылық жай-күйі осындай
еді. Тобық 1951-52 жылдары Жарқамыс орта мектебінің 9-10 кластарында оқыды. Мен
қазақ әдебиетінен оларға дәріс оқыдым. Алғашқы туындыларын өзі редактор болған
мектеп жанындағы «әдебиет» журналына жариялады. Онда сықақ әңгімелер, новелла, фелетон, очерк, тақпақтар, өлеңдер, әдеби
кештерде талқыланған
ақын, жазушылардың еңбектері жайлы әрқилы сындарлы дүниелер орын алатын. Әдебиет сабағының адамтану, өміртану, елтану мәселелерін
қамтитын пән ретінде өтілуіне Тобық класта үнемі мұрындық болып, дем беріп
отыратын. Біз сияқты институтты жаңа ғана бітіріп кеген жас мұғалімге Тобық оқитын класқа сабақ беру үлкен сын еді.
Ол әдебиеттің дүниежүзілік, батыстық, шығыстық үлгілерін көп білетін.
Байғанин ауданындағы кітапханаларда орыс тіліндегі әдебиеттер өте аз болатын.
Соларды Тобық түгелдей оқып, орыс тілін жетік білуге ұмтылды. Сөйтіп осы тілді өз қатарынан ерекше артық білетін дәрежеге жетті. Ол
дүниетану ғылымдарын ерекше сүйіп оқыды. Философиялық, этнографиялық, тарихи, әлеуметтік мәселелерді көп
білді. Оның шын есімі-Тобық емес, адайдың ревком төрағасының құрметіне Тобанияз
аталған. «Қара жаңбырдың» астында жауып, әкесінің «қара қағазын» әжесіне әкеліп
берген сол Нияз Тобықтың өзі іспеттес. Бойындағы күш-қайратын, білімі мен қабілетін қаншалықты жетісті, қаншалықты
ұтымды, қаншалықты орынды пайдаланғанын оның шығармаларын шын түсінгендер
бағалар. Біздің парызымыз бен қарызымыз-оның еңбектеріне қысқаша шолу жасау.
Біз соны орындауды мирас еттік. Тобықтың алтын кездігін тот баспасын.
Ниетжан Беріков, доцент
Көпшіл еді-ау Тобық
Тобық әжептәуір спортшы, әрі аңшы
да еді. Ол аудандық газетке келісімен балық аулау мен құс атуға жиі шығатын
болдық. Тобық бізді әуелі үгіттейді, көнбесек, редақцияның алқам-салқам жеңіл машинасын есіктің алдына тақап, «әйда, мініңдер»
деп зорлайтын. Бағымызға редакторымыз Қалдыбай нағыз қызба аңшының өзі болды.
Осы кісінің қолдау-сеніміне сүйене ме, әйтеуір бізді әй-шайға қаратпай
әкетеді. Бірде балық
аулаудан олжалы қайттық та, осы күнгі «Ақжар» кеңшарының Ақтам дейтін ауылына түстендік. Тобық балықты үнемі өзі пісіріп, сорпа
жасайтын. Ауылға жақындай бергенде сіркіреп жаңбыр жауды. Тобық «жаурап қалмас
па екенбіз?» -
деді.
- Қайдағы
жаурағанды айтасың, жәйәншейін нәзік бұлттар ғой, нөсердің бұлты бөлек
болар, - дедім мен.
– Не дедің, - деді Тобық бетіме тесіле қарап, - нәзік бұлттар, әй, нәзік бұлттар дейсің бе..
– Не дедің, - деді Тобық бетіме тесіле қарап, - нәзік бұлттар, әй, нәзік бұлттар дейсің бе..
Тобық
думаншыл, көпшіл, сонымен бірге туған жердің үлкен-кішісіне дейін жақсы көріп,
сыйлайтын.Оның жүрек сырқатымен ауыратынын сол аудандық газетте бірге қызмет
істеп жүрген кезден білетінмін. Бір күні ол облыстық газетте, редактордың бөлмесінде отыр екен. Беті-жүзі
солғындау, ауырып тұрған адам сияқты көрінді. Әдеттегідей қауқылдасып амандаса
алмадық. Байқаймын, маған өкпелейтін сияқты. Бір кезде сөзін жұлып алғандай бөліп: «Осы жылап жіберейін бе?» деді.
«Неге?» дедім мен. «Мен бір апта қатты ауырдым ғой, неге соқпайсың?» деп
қамықты ол. Мен бір апта
бойы іссапармен Шалқар жерінде
болғанымды айтып едім, көпке дейін сенбеді. Абырой болғанда лебізімді редактор
қоштап, сол күндерде қалада болмағаным анықталды. Содан кейін ғана «сәлем-сауғаны да күтетін
адамың болады ғой, ал екеуміз Жем өресінен емеспіз бе?» деп жылы шырай
білдірді. Тобық ауылды, жер-суды, туған-туыс, жолдас-жораларын қатты сағынушы
еді. Тобық тым
суреткер, тілге бай жазушы еді ғой. Тобық дүниежүзілік әдебиет пен тарихты
жетік білетін жазушы еді.Сондықтан да оның шығармалары басқалардан биіктеу
тұрады. Тобықтың жарқын
бейнесі, адамдық алтын қасиеттері, жазушылық шеберлігі оны білген, қызметтес
болған адамдардың жүрегінде мәңгі сақталады. Мен де солардың бірімін.
Кәдірбай Бекмағанбет, журналист.
Қырандар биіктен құлайды
Университет
алдында қарсы кездескен Тобық екі иығымен қатты
қысып:
- Ал, тума, мен елге жүргелі жатырмын. Жай-жапсарды
өзің білесің ғой. Билет алдым, деді.Барлық жұмысты тастап, оны жолға шығарып
салу рәсімін жасадық. Ертесіне, казір кіммен екені есімде жоқ, Жазушылар
одағына бардық. Бес-алты жас ақын, жазушылар отыр екен. Солардың әңгіме базарын
қызықтай бастап едік, есіктен қолында журналы бар жазушы Зейін Шашкин
кірді. Қысқа
амандықтан кейін ол қолындағы журналды ашып: «Кеше шыққан «Жұлдыздағы» «Екі жүрек»
әңгімесін оқыдыңдар ма?» деп бәрімізге барлай қарады да, «Дүниеге Тобық
Жармағамбетов деген керемет жазушы келіпті. Жас болуы керек, білетіндерің бар
ма?» -деді. Аң-таң болған біз «білеміз, білеміз» дегеннен басқа ештеңе айта алмай, жым
болдық. Себебі, өзін
білгенмен, әңгімесін оқымаған едік. З.Шашкин сынды аға жазушының «керемет»
деуіне қарағанда, дүниеге үлкен жазушының келгенін сезінгендей болдық. Сыртқа шығысымен журналды сатып
алған мен тездетіп жатаханаға жеттім. Қайрат Жұмағалиев пен Амантай Сағындықов
отыр екен. З.Шашкиннің әңгімесін айтып, журналдағы әңгімені көрсеттім. Оқып
шықтық, аз сөйлейтін Қайрат «керемет» деді де, таңдайын қақты. Бірге оқып жүрсек те ол кезде, оның өлең
жазатынын білмейтінбіз. Бәлкім, піспеген өлеңдерін көрсетпейтін де шығар. Ал,
Амантайдың бірер әңгімесі балалар журналына шыққан болатын. Шапшаң сөйлейтін әдетінше
ол:
- Бұл дүниеге үлкен жазушы келді деген сөз, - деп кесіп айтты. Біз күлдік
те қойдық. Туған елі – Байғанин
ауданына кеткен Тобықтан біраз уақытқа дейін хабарсыз қалдық. Мұғалім деп естідік. Бір күні оған хат
жазып, кешікпей жауап алдым. Онда ол ауыл тұрмысы, өзі, жұмысы туралы баяндай келіп, талант
иелерінің ауылда екенін, олардың көп жағдайға байланысты маңдайы ашылмай
жүргенін, өзінің тракторшы Өтежан Нұрғалиев деген жап-жас ақын тапқанын, ол
туралы Қуандық ағаға (Шаңғытбаев) хат жазып, бірнеше өлеңін жібергенін
жазыпты. Сол жылы жерлесіміз Ө.Нұрғалиевтің бір топ өлеңдеріә
жарияланды. Елге кеткен Төкеңнің бұл да үлкен табысының бірі болатын. Келесі
жылы Өтежан Алматыға
келіп, университетке оқуға түсті. Содан мен көпке дейін
Тобықтан хабарсыз қалдым. 1959 жылы университетті бітіріп, мен де елге келдім.
Ол-Байғанин, мен-Темір ауданында жүріп
жаттық. Семья жағдайы нашар біздер енді
елден шығу жағын ойлағанды қойған сияқты болдық...1960 жыл еді.Бір күні
мектептен келсем, үй сыртында ат шана тұр екен. Ауыл қонағы шығар десем, үйде
Т.Жармағамбетовтың өзі шай ішіп отыр. Кездесу сәтін айтпай-ақ қояйын. Сені іздеп келем. Сені алып кетейін деп келдім. Бақсам, ол Ақтөбеде
ашылғалы жатқан телестудияның аға редакторы болып орналасыпты. Кешікпей Ақтөбеге мен де жаңадан ашылып жатқан телевидениеге келдім. – Ең жасымыз екенсің, сен балалар мен жасөспірімдер редакциясын басқарасың,
қамқоршы Төкең болады, -деді Ә.Мұхамеджанов . Жыл санап студияның шығармашылық алқасы кеңейе түсті, жас тележурналистер
қатары толықты. Төкең көп тыңдап, аз сөйлейтін, сабырлы да салмақты, ойлап-пішу ауқымы кең. Жазу, мәселе
көтеруде алдына жан салмайтын ол бәрімізге де үлгі, аға болатын. Тобық үйленді. Жасымыз да, шығармашылық қабілетіміз де өсе бастады. Орыс,
қазақ редакциясының
бас редакторы Төкең басқарған телевидениенің бағдарламасын облыс көрермендері
асыға күтетін болды. Төкеңнің алғашқы адымы Ы.Алтынсаринның «Бай баласы мен
жарлы баласын» сахналауынан басталды да, ірі-ірі телесценарийлермен
жалғасты. Жаңа ұжымда тұңғыш тарихи оқиға
болды. Тобықтың тұңғыш Марат есімді ұлы дүниеге келді. Өмір есігін жаңа қаққан дос ұлына арнап мен
«Алғашқы адым» атты пьеса жазып ұсындым. Екі-үш-ақ жас болса да
жанашыр аға, қадірлі ұстаз, құрметті жолдас, ажырамас дос болған, болашағынан
зор үміт күттірген асыл жүрек тоқтапты дегенде сенер-сенбесімді білмей есенгіреп қалыппын. Өмірден өте ерте кеткен азамат, қадірлі достың артында жігіт болып қалған
екі ұлы, бойжеткен қызы, қыруар шығармалары қалды. Бүкіл ел болып туған жері
Жарқамысқа апарып жерледік. Байғанинде Тобық Жармағамбетов атында көше
бар. Онда қарындастары мен інілері тұрады. Ол елін, жерін керемет сүйетін. Сол елінің ортасында, туған жерінде
тыныстап жатыр. Күресте
қаламынан туған шығармалары жүр.
Зейнолла Құлжанов, журналист.
Қайран Тобық – ай!
Тобықтың жүректен ара-тұра ауыратынын, осыдан қан қысымы көтерілгенін
алғашқы танысқан күннен кейін байқағанмын. 1969 жылы қатты ауырғаннан білемін.
Ол қазан айының іші болатын. Жолдасы Сәпия құрақ ұшып, дәрісін де тауып
әкеліп,1969 жылы қатты ауырғаннан білемін. Ол қазан айының іші болатын. Жолдасы
Сәпия құрақ ұшып, дәрісін де тауып әкеліп, басы-қасында болып, үлкен еңбектенді.
Бұрынғы қалпына келгенде қуанғанымыз ұмытылар емес. Өзін жақсы, сергек ұстаса
да, күн жарымдай көшеге шықпады. Мені бір-екі күннен кейін кетерсің деп
жібермеді. Тобықтың ауруы туралы ойласам, оның сондағы айтқан әңгімесі алдыма
көлденең орала түседі. Әкем әскерге кеткеннен кейін қиыншылықты
көріңкіредік. Жалаң аяқ, жалаң бас дегендей. Тамақта тапшы болды. Әйтеуір Айжан
ағам мен Нәбира апамның арқасында 1944 жылдың жазынан бастап жақсара
түстік. Оқу бітірдік, тағы оқу, қайта қиындық. Сөйтіп жүргенде, 1953 жылы
17 март күні біздің үй тұтас өртеніп, әжем екі немересімен сөнген қара шоқ
болып өрттен шықты. Шешем осы күйіктің әсері ме, жазылмас ауруға тап
болды. Қаншама қайғылы
уақиға мен өмір. Селт етпеген қатал тағдыр. Содан болар, қаталдықты білмейтін,
адамға деген мейірімділік, аяушылық, көңілшектік мінезімнен бе, әрқайсысын шетте жүріп естігенде, біреу
жүрегімді балталап жатқандай әсерде қалдым. Жүрек дүрсілін де естідім, бұл да
мен үшін өмірдің жазуы болар. Со кездерден бастап-ақ денсаулықтан айрылғандай болдым.
Адамдар оны қайдан білсін. Емделдім де, тіпті қиылдым да. Нәтиже аз. Бала
кезде мен үшін жүрекке түскен зілді қанша тазартқым келіп лақтырғым келсе де,
дауасы түспей де, кетпей де жүр, - деп ойын ұялаған сырын айта салып еді-ау,
қайран Тобық... Өмір оны қимай,
күрмеуге келмейтін қысқа жіптей еткені неткен қаталдық! Дегенмен, оны мәңгі
жаңартатын шығармалары «Тобық» деп соғып
тұр.
Бисен Жақанов, зейнеткер-мұғалім.
Комментариев нет:
Отправить комментарий